«Құтты мекен» жобасы аясында 6 513 пәтерлі 132 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде

Шымкент қаласында «Nur Otan» партиясының «Құтты мекен» жобасы аясында 6 513 пәтерлі 132 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге 540 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы дайын, мамыр айында беріледі. Оның ішінде 177-і пәтері көпбалалы аналарға беріледі. Нәтижесінде биылғы жылы 1368 әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы және жас отбасылар (342 пәтер) баспаналы болады. Бұл туралы Шымкентте «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс ХХХVIІ конференциясында қала әкімінің орынбасары Г. Құрманбекова баяндады.

Конференцияға қала әкімі Ғ. Әбдірахымов, мәслихат хатшысы Ғ. Ташқараев, саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, аудандан сайланған делегаттар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Қала әкімінің орынбасары партиялықтарға «Nur Otan» партиясы Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның 18 съезінде берген тапсырмалары – «Халыққа көмек», «Құтты мекен», «Бақытты отбасы» жобаларды жүзеге асыру барысы туралы есеп берді.

– «Бақытты отбасы» жобасы аясында қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бойынша бүгінгі күнге 32 559 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 17 582 отбасының өтініші тіркелді. Сондай-ақ, қала тұрғындарының әлеуметтік картасын жасақтау жұмыстары жүргізілуде, бүгінгі күнге «е-Халық» ақпараттық жүйесіне 21 081 отбасы (75 725 адам) енді, – деген Гүлжан Құрманбекова барлық салалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Қала әкімі, «Nur Otan» партиясы филиал төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов конференция жұмысын қорытындылап, партия активіне нақты тапсырмалар жүктеді.

Конференция барысында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІX Съезіне делегаттар тізімі анықталып, Шымкент қаласынан 30 делегат сайланды. Олар алдағы 23 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезіне қатысады.