Шымкенттің әкімі тұрғындарды жаңа форматта қабылдады

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жұма күні қала тұрғындарымен алғаш рет жаңа форматта қабылдау өткізді. Бұдан былай әр аптаның жұмасы күні қала әкімі сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін тұрғындарды арнайы кабинетте қабылдайды. Ал қабылдауға қала әкімдігінің ресми сайтында жазылуға болады. Ол үшін электронды түрде өтініш беруге арнайы қызмет қосылған.

  

Айта кету керек, Шымкент әкімдігі Мемлекет басшысының халыққа қызмет көрсетуді ашық әрі кедергісіз жүйеде ұйымдастыру туралы тапсырмасына алғаш болып үн қатып отыр. Жуырда ғана Астанада өткен Азаматтық форумда Мемлекет басшысы Шымкент қаласы әкімшілігін тұрғындармен ашық жұмыс істеп жатқан әкімдік ретінде үлгі қылған болатын.

7 желтоқсан күні жаңа форматта өткен 2 сағаттық кездесуде Ғабидолла Әбдірахымов 12 азаматты қабылдады. Олардың көбісі баспана мәселесімен келген. Нақты айтқанда 4 баланың анасы Ақмарал Өтемұратовада баспана жоқ. Бар тапқан қаржыма пәтер жалдаймын дейді. Райхан Жаманқұлованы осы мәселе мазалайды: қала тұрғыны баспана кезегінде тұр.

Қала тұрғындары әкіммен қоғамдық көлік, үйлердің аулаларын көріктендіру, атқарушы органның жұмысы да туралы ашық әрі еркін сөйлесті. Тұрғындар осындай кедергісіз жазылып, ашық қабылдауға алғыс айтты.

Қабылдауға қатысқан орынбасарлары мен басқарма басшыларына қала әкімі азаматтардың мәселелерін мұқият қарап, оңтайлы шешімін табуға тапсырма берді.