ШЫМКЕНТТЕ ІРІ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСТАРЫ БАСТАЛАДЫ

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттегі Адырбеков көшесі мен А2 жолының, сондай-ақ, Қарабастау елдімекеніндегі Бадам өзенінен өтетін көпірді жаңарту, Байтұрсынов көшесінің орташа жөндеу жəне Д.Қонаев даңғылын жалғастыру жобаларымен танысты.

Жол құрылыс жұмыстарын шаһар басшысына қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев таныстырды.

– Адырбеков көшесіндегі құрылыс жұмыстары 5 кезеңге бөлініп жобаланған. Жол құрылысына жауапты мердігер – «Kaz Construction» ЖШС. Екі бағыттағы көшені жаңарту барысында жолдың екі шеті де жаяу жүргіншілерге арналған тротуармен толығып, абаттандырылады. Адырбеков көшесінің бүгінгі көлік өткізу қабілеті тәулігіне 13450 көлікті көрсетіп отыр. Соның салдарынан көлік кептелістері орын алуда. Қайта құру жұмыстарынан кейін көше 4 жолақты болады және бұл көлік қозғалысына да оңтайлы болмақ, – деді Қ.Жұматаев.

Адырбеков көшесін кеңейту барысында мемлекет мұқтаждығы үшін 65 жер телімі мемлекет меншігіне алынады. Мердігер қала әкіміне «Жұмысшылар екі кезеңмен, күндіз және түнде істейді. Техникалық жағынан да сақадай саймыз. Жер мен коммуналдық сұрақтар тез шешімін тапса, біз де жол құрылысын ерте аяқтауға күш саламыз» деді.

– Біз әкімдік тарапынан шешілетін сұрақтардың бәрін қолға аламыз. Бастысы, құрылыс сапалы болсын, – деді Ғабидолла Рахматоллұлы.

Сонымен бірге, жол құрылысына байланысты қалалық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармаларына тапсырма берілетінін айтып, Қ.Жұматаевқа аталған көшенің қайта құру жобасына велосипед жолағын қосуды ескертті.

Бұдан кейін Ғ.Əбдірахымов бастаған жұмысшы топ А.Байтұрсынов көшесін аралады. Ондағы бастапқы үлгілермен танысып, тротуар дизайнына таңдау жасады.

– Біз мердігерлердің тəжірибесіне сенеміз. Ал құрылыс заттарына отандық өнімді таңдадық. Енді жол құрылысын жүргізу барысында орын алатын уақытша жайсыздықтар үшін жергілікті тұрғындар мен жолаушылардан қала əкімдігі атынан кешірім сұрап, түсіністік танытуын сұраймын. Халық қолдап тұрса, біз бірігіп, аталған жобаларды тез əрі сапалы етіп аяқтаймыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.