Шымкентте бас шыршаның шамы жағылды

Шымкенттегі Əл-Фараби алаңында мегаполистің бас шыршасының шамы жанды. Мерекелік іс-шараның алғашқы рәсіміне қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, балалармен бірге ертегі әлемнің қақпасын айқара ашты.

Салтанатты іс-шарада 100 Аяз ата Ақшақарымен, ертегі кейіпкерлері, қуыршақтар жəне аниматорлар алаңға жиналған балалардың көңілін көтерді. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов дәстүрлі іс-шараны тамашалауға келген қала тұрғындарымен бірге «Кейіпкер шеруі», «Қызықтан қалма, қалқатай!», «Қош келдің, Жаңа жыл!» сахналық-концерттік бағдарламаларды тамашалады.

   

Айта кетейік, Шымкенттегі бас шыршаның биіктігі 15 метрді құраса, салмағы 1 тоннаға жуық. Бас шыршаны безендіруге жалпы ұзындығы 400 метр жарықшамдар, 240 дана алтын шар, 540 дана басқа да ойыншықтар мен 3 400 метр жылтырақ жұмсалған. Бас шыршаның шамын жағу салтанатына жиналған жұртшылық қала өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаны тыңдап, от шашуды тамашалады.

Айта кетейік, бұдан басқа Шымкенттің əкімшілік-іскерлік орталығындағы қала əкімдігі ғимаратының алдында да 15 метрлік шырша орнатылды. Ал қаланың орталық көшелері 180 тақырыптық шағын сəулеттік мүсіндер мен жаңа жылдық символ болып табылатын 400-ден астам жарықшамдармен безендірілді.