ҚР Президенті телекөпір арқылы Шымкентте трансформатор зауытын ашты

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында Шымкент қаласында қуаттылығы 220, 500 КВ болатын жоғары кернеулі трансформатор шығаратын зауыт іске қосылды.

«Asia Trafo» инновациялық кәсіпорны «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан. Мұндай кең көлемдегі трансформатор өндірісі Қазақстанда  алғаш рет қолға алынып отыр. Жобаның жалпы құны 18,9 млрд теңгені құрайды.

   

Жобаның екінші кезеңінде цифрлық транформаторларды өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар мұнда Орталық Азияда теңдесі жоқ электрсынақ зертханасы да құрылған. Зауыт өнімдері Қазақстан мен ТМД елдерінің сұранасын өтейді деп күтілуде. Кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында жүзеге асырылған өндіріс орнында 220 адам жұмыспен қамтылады.

Жалпы ұлттық телекөпірге қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жаңадан іске қосылған кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесіп, зауыттың алдағы өндірістік даму жоспарын талқылады.

 

   

Шымкент қаласында индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2018 жылы құны 9 710,7 млн теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылып, жаңа 635 жұмыс орны ашылды.