ИМАМДАРҒА ТАЛАП КҮШЕЙМЕК

Бүгін Шымкентте қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасы және ҚМДБ қала бойынша филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстанның дамуындағы дәстүрлі исламның рөлі» тақырыбында алқалы жиын өтті.
Елімізге белгілі дінтанушы, РһD докторы Қайрат Жолдыбайұлы, имамдар мен жастар қауымы қатысқан бұл басқосуды Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Әлібекқызы Бектаева ашып, жүргізді. Имамдардың біліктілігін арттыруды мақсат тұтқан алқалы жиында Қайрат Жолдыбайұлы дәстүрлі ислам дінінің, ұлттық құндылықтардың қазақ қоғамы мен оның дамуындағы алатын орны жөнінде сөз қозғады.
–Имамның арқалаған жүгі ауыр. Өйткені қоғамның талабы мен білімі өте жоғары. Бізге серпіліс пен өзгеріс қажет. Уағыз айтқанда тек мешіт төңірегімен шектелмеу үшін жан – жақты білімді жетілдіретін әдебиеттерді көп оқу керек, – деді дінтанушы. Белгілі дінтанушы, РһD докторы Қайрат Жолдыбайұлы қоғамның кемелдікке жетуіне 4 жолды атап өтті.Олар:
– Тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Аз тамақтанған адамның ойы сергек, потенциалы жоғары болады.
– Екіншісі – аз сөз. Көп, мәнсіз сөз тыңдаушының уақытын алып қана қоймай, соңы өсекке ұласады.
– Үшіншісі – аз ұйықтау.
– Төртінші жолы – көп адамнан оңашалану қажеттігі.

Адамдардан оңашалану жөнінде сөз қозғаған дінтанушы әлеуметтік желі тәуелділігінен арылу мәселесіне ерекше тоқталды. «Ақпаратты саралап үйренгенде және басқалардың ойына тәуелділіктен арылғанда ғана біз дамуға, өркендеуге бет бұрамыз», – деп атап өтті Қайрат Жолдыбайұлы.

Семинар соңында қатысушы имамдарға сертификаттар табысталды.