АБАЙ АУДАНЫНДАҒЫ 6 ЕЛДІМЕКЕНДЕ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Бұл туралы аудан әкімі Ғ.Төлепов 2019 жылдың қорытындысы бойынша халыққа берген есеп беру кездесуінде мәлім етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қала аумағындағы шалғай орналасқан елдімекендердің инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, бірқатар жобаларды іске асу жоспарлануда.

Атап айтқанда биыл Жиделібайсын мен Гагарин көшелерінің қиылысынан Көкбұлақ тұрғын алабына дейінгі магистралды су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге, 6 елдімекенде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізіледі», – деді аудан әкімі.

Есепті кездесуге қала әкімі М.Әйтенов, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Б.Батаев, қалалық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары және аудан тұрғындары қатысты.
Жиында аудан әкімі 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен аудандағы өзекті мәселелерге тоқталып, алда атқарылатын жұмыстар жайын баяндап өтті.

Кездесуге қатысқан тұрғындар жарыссөзге шығып, шешімін таппай келе жатқан мәселелерге қатысты сұрақтар қойды. Жалпы, жиынға қатысушылар аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген бағасын беріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі.